06 Ақпан, 2015

Жүректерге жылылық себу –  ғанибет

270 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_2329Қазақстандағы Ассамблея жылын мерекелеу шеңберінде облыста «20 ізгі іс» жобасы бастау алды. Өңірдегі «Видергебурт» неміс қоғамы осы жолғы ша­­ра­ларға қайырымдылық, әлеу­меттік екпін беріп отыр. Бұл Елбасы, Қазақстан халқы Ассам­блеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жол­дауындағы тапсырмалармен өзектес келеді. Яғни, біздің бірлестік көпбалалы және жалғызілікті отбасылардың, мұқ­таж жандардың, қариялар мен мүгедек балалардың жүрек­теріне жылылық себудегі игі дәстүрлерін жалғастыра бермек. Біздің Президентіміз ай­қындағанындай, Ассамблея жылы ауқымды әрі қат-қабат жұмыстарға толы болмақ. Белсенділеріміз биыл деректер қорын жаңғыртып, әрбір аза­маттың жүрегіне жол табуға тырысуда. Сондықтан, бірлестігіміз көмек қолын созар адамдар саны өсіп отыр. Әсіресе, еріксіз қудаланып, тағдыр тәлкегіне түскен отандастарымыздың тізімі айрықша назарда ұсталуда. Олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне көмектесумен қатар, жас ұрпақпен кездесулерін де ұйымдастырудамыз. Мұндай шаралар отандастарымыздың жан-дүниесін жадыратып, Қазақстан қоғамының құндылықтарын ашып көрсетуге ықпал етеді. Бірлестік көмек-қолдаудың нақтылығын, оның анық мұқ­таж жандарға бағытталуын қадағалайды. Осы ұстаным­мен жаңажылдық, рождес­тволық дастарқандар жайы­лып, көңілді отырыс­тар ұйым­дастырдық. Ал мүге­дек­­тер мен жасы ұлғайған ата-әже­леріміз үшін «Қысқы азық-түлік қоржыны» акция­сы ұйым­дастырылып, 1228 адам­ды қуанышқа бөледік. Сондай-ақ, 28 кісіге ақшалай көмек көр­­сетілсе, бір қарияға 45 мың тең­генің есту аппаратын сый­ладық. Бір анамыздың протез мәселесі де шешілді. Мұн­дай қайы­рымдылық шаралары жыл бойына жалғасады. «20 ізгі істің» мүмкіндіктерін жастарға бағыттауға да басым­дық берілуде. Бұл орайда жаңа ағартушылық жобаны бастағанымызды айтқым келе­ді. Жастар клубындағы жүзге жуық адам 15 топқа бөлініп, білікті мамандардың көмегімен мемлекеттік тілді жаңа әдіс­те­мемен оқып-үйренуде. Бұл бас­таманы Степногор, Щучье қалалары мен көптеген аудандар қолдап отыр. Аталған шараларға ата-аналардың да қатысуы қазақстандық немістердің қоғамдық қарымын арттыра түседі деген үміттеміз. Бірлестіктің белді мүшесі Елена Татаринцеваның «Вун­деркинд» орталығын құруы жұртшылықты қуанышқа бөледі. Аталған жоба үш пен жеті жас аралығындағы балаларды мектепке дайындау мақса­тын көздейді. Олар қызықты ойын сабақтарында неміс тілін, отантану ілімін оқып-үйреніп, логикалық таным, ойлау ­қабі­леттерін дамытады. Біз осы арқы­лы қа­зақ­стандық ­пат­риотизм, ұрпақтар сабақтастығы құнды­лықтарын бала кезден қалып­тастыруды көздеп отырмыз. Бірегей Ассамблея жылын мерекелеу көпұлтты мем­лекетіміздің мерейін көтеретін, әлемдік деңгейде ой салатын оқиға саналады. Алда қыруар істер, қуаныштар күтіп тұр. Мен өзіміздің көпсалалы жұ­мысымыздың бір ғана бағытын әңгімелеу арқылы ертеңгі қыз­метіміздің арнасы кеңдігін аңғартқым келді. Түсіністік пен тұрақтылыққа негіздел­ген қоғамымыздың тұғыры биіктей беретінін, достық шуа­ғына бөленген халқымыздың болашағы жарқын екендігін мақтан етемін! Светлана КОРНЕЕВА, неміс этномәдени бірлестігінің жетекшісі. Ақмола облысы. Суретте: бірлестік жетекшісі Светлана КОРНЕЕВА.